Жамбыл облысындағы Гвардейск гарнизонында орналасқан әскери бөлімдердің бірінде әскери қызметкер жарақат алды. Аталған жағдайға байланысты Бас әскери полиция басқармасы күш көрсету дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады.
Зардап шеккен сарбаз Алматы қаласындағы әскери-клиникалық госпитальға жеткізіліп, ем қабылдап жатыр.
Ресми мәліметке сәйкес, бұл оқиға Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілген. Қазіргі уақытта істің барлық мән-жайын анықтауға бағытталған кешенді тексеру жүргізілуде. Тергеу аясында оқиғаға қатысы бар адамдардың әрекеттеріне, сондай-ақ жарғыға қайшы қарым-қатынас туралы жоғары басшылыққа дер кезінде баяндамаған және медициналық көмекті ұйымдастыруда олқылықтарға жол берген лауазымды тұлғалардың жауапкершілігіне құқықтық баға берілмек.
Тергеу нәтижесі бойынша кінәлілер Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жауапқа тартылады. Бұл мәселе Қарулы күштер басшылығының ерекше бақылауында екені атап өтілді.
Қазіргі уақытта тергеу жүргізіліп жатқан кезеңде әскери бөлімнің бірқатар офицері қызметтік міндетін атқарудан уақытша шеттетілген.
