Қызылорда облысында жастардың инновациялық бастамаларын қолдауға бағытталған «AMANAT IDEATHON» хакатоны сәтті қорытындыланып, жеңімпаздар марапатталды. Ауқымды шара AMANAT партиясы Қызылорда облыстық филиалының бастамасымен ұйымдастырылып, оған Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті, Kyzylorda Hub және Shik қолдау көрсетті.
Байқауға Астана қаласы, Ақтөбе облысы, Қарағанды облысы, сондай-ақ Қызылорда қаласы мен өңірдің барлық аудандарынан 200-ге жуық жас зияткер қатысып, 100-ге тарта жоба ұсынды. Бұл көрсеткіш жастардың жаңа технологиялар мен әлеуметтік бастамаларға деген қызығушылығы жоғары екенін аңғартты.
Қатысушылар бірнеше маңызды бағыт бойынша бақ сынады. Олардың қатарында тұрғын үй басқару жүйесінің ашықтығын арттыру, «ақылды қала» шешімдерін енгізу, цифрлық денсаулық сақтау сервистерін дамыту, құқықтық көмектің қолжетімділігін күшейту, бюрократиялық кедергілерді азайту, инклюзивті білім беру жүйесін жетілдіру, цифрлық кәсіптік бағдарлау платформаларын жасау және әлеуметтік қолдауды күшейтетін заманауи шешімдер бар. Сонымен бірге еріктілер мен көмекке мұқтаж азаматтарды байланыстыратын цифрлық жобалар да ұсынылды.
Хакатонда ерекше көзге түскен қатысушылардың бірі – Мұхамеджанова Көркем Жандосқызы. Қызылорда облысы Сырдария ауданындағы №35 мектеп-лицейдің 11-сынып оқушысы білім додасында жоғары нәтиже көрсетіп, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті грантын жеңіп алды.
Сондай-ақ ерекше білім беруді қажет ететін балаларға ағылшын тілін ойын арқылы үйретуге арналған «Qozy» мобильді қосымшасы қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды. Жобаны таныстырған Жолдасбек Мадибек пен Ерасыл Сарыбаев 1 миллион теңге көлеміндегі бас жүлдені иеленді.
Шара барысында ең жас қатысушыға және Ақтөбе облысы өңірінен келген команда мүшелеріне арнайы естелік сыйлықтар табысталды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастамалар жастардың шығармашылық және кәсіпкерлік әлеуетін арттырып қана қоймай, қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған тың идеялардың жүзеге асуына жол ашады. «AMANAT IDEATHON» хакатоны өңір жастарының белсенділігі мен жаңашыл ойлау қабілетін тағы бір мәрте дәлелдеді.
