Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес, Шиелі ауданының әкімі Айтбай Жандарбеков І жартыжылдық қорытындысы бойынша Иіркөл ауылдық округінің тұрғындарымен есептік кездесу өткізді.
Аптаның алғашқы күнінде өткен кездесуде аудан әкімі Мемлекет басшысы мен Үкіметтің қолдауымен аудан көлемінде жүзеге асырылып жатқан ауқымды жобаларға, әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне және алдағы жоспарларға жан-жақты тоқталды. Сонымен қатар, тұрғындардың әл-ауқатын арттыру, ауылдардың инженерлік-инфрақұрылымын дамыту, елді мекендерді абаттандыру және көркейту бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасатынын атап өтті.
Кездесу барысында Иіркөл ауылдық округінде атқарылған жұмыстар кеңінен баяндалды. Атап айтқанда, ағымдағы жылы Жансейіт елді мекенінде газ құбырын тарту жұмыстары толық аяқталып, көгілдір отынға қосылған.
Сондай-ақ, Ы.Жақаев ауылындағы 10 көшеге асфальт төселіп, жол инфрақұрылымы жаңартылды. Елді мекендерді абаттандыру бағытында бірқатар жұмыстар атқарылып, Ы.Жақаев ауылдық мәдениет үйі аумағында орналасқан Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаев кесенесінің артқы қоршаулары толық жаңартылды.
Ауыл көшелерін жарықтандыру мәселесі де кезең-кезеңімен шешімін табуда. Атап айтқанда, Ы.Жақаев ауылындағы Нүрекеев, Ә.Қоңыратбаев, А.Сейділдаев көшелеріне және Жансейіт елді мекеніндегі И.Құтпанұлы көшесіне түнгі жарық бағаналары орнатылды. Сонымен қатар, Ы.Жақаев және Жансейіт ауылдарындағы көше жарықтары жаңартылып, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Жансейіт елді мекенінде жаңа трансформатор орнатылып, электр энергиясының жетіспеушілігі мәселесі оң шешімін тапты. Бұдан бөлек, ауыл жастары мен тұрғындарының игілігі үшін «Береке» спорт кешені ашылып, пайдалануға берілді.
Байланыс және интернет сапасын жақсарту мақсатында ауылдық округтегі интернет желісі оптикалық талшықты байланыс жүйесіне ауыстырылды. Сонымен қатар, К-4 су қашыртқысының Ы.Жақаев ауылынан 21-бекетке дейінгі аралығы арамшөптер мен қоғалардан тазарту жұмыстары жүргізілді.
Кездесу барысында ауыл тұрғындары өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салып, елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар мәселелерді көтерді. Аудан әкімі тұрғындар тарапынан айтылған әрбір ұсыныс назардан тыс қалмайтынын айтып, көтерілген мәселелер кезең-кезеңімен шешімін табатынын жеткізді.
