Қазалы ауданында оқу жылының аяқталуы мен балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру мәселелері талқыланды. Бұл туралы облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен өткен мәжілістен кейін арнайы аппараттық жиында айтылды. Жиында күн тәртібіндегі мәселелер бойынша тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктелді.
Биыл аудан бойынша 37 мектепте 2025–2026 оқу жылын 16 701 оқушы аяқтап отыр. Оның ішінде 1015 түлек 11-сыныппен қоштасады. Ұлттық бірыңғай тестілеуге 943 оқушы қатысады деп жоспарланған. Сонымен қатар 116 оқушы – Үздік аттестатқа, 99 оқушы «Алтын белгіге» үміткер.
Ауданда жазғы демалыс кезеңінде 14 975 оқушыны, яғни балалардың 95,2 пайызын түрлі сауықтыру және демалыс шараларымен қамту көзделген.
Жиында аудандық білім бөліміне мектеп бітіру рәсімдері мен ҰБТ өткізу жұмыстарын жоғары деңгейде ұйымдастыру тапсырылды. Сондай-ақ мектеп бітіру кештерінде ысырапшылдық пен даңғазалыққа жол бермеу, ата-аналардан қаражат жинауға тыйым салу, аниматорлар мен мерекелік агенттіктерді тартпау, мұғалімдерге сыйлық жинау фактілерінің алдын алу мәселелері қатаң ескертілді.
Аудандық полиция бөлімімен бірлесіп, түлектердің кортеж ұйымдастыруына, жалға алынған көліктермен серуендеуі мен экскурсияларға шығуына жол бермеу бойынша тиісті шаралар қабылдау тапсырылды.
Балалардың жазғы демалысын қауіпсіз әрі мазмұнды өткізу де басты назарда болды. Осыған сәйкес «Шағала» балаларды сауықтыру демалыс орталығы мен мектеп жанындағы лагерьлердің жаңа маусымға дайындығын пысықтау, мәдени-спорттық іс-шараларды көбейту, азық-түлік сапасы мен санитарлық талаптардың сақталуын бақылау міндеттелді. Сонымен қатар балаларды тасымалдау кезінде жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және суға шомылу маусымында қауіпсіздік шараларын күшейту тапсырылды.
Мәжілісте көктемгі әскерге шақыру науқанының барысы да қаралды. Жоспар көрсеткіштері төмен ауылдық округ әкімдерінің есептері тыңдалып, шақыру жұмыстарын жандандыру қажеттігі айтылды. Жауапты мекемелерге әскерге шақыру жоспарының толық орындалуын қамтамасыз ету және әскери қызметтен жалтарып жүрген азаматтарға қатысты заң аясында шаралар қабылдау тапсырылды.
Бұдан бөлек, «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясындағы санитарлық тазалық пен абаттандыру жұмыстарының жай-күйі сараланды. Мониторинг барысында анықталған кемшіліктер бойынша кент, қала және ауылдық округ әкімдеріне елді мекендердің тазалығын тұрақты бақылауда ұстап, бей-берекет қоқыс орындарын жою және көркейту-көгалдандыру жұмыстарын күшейту міндеттелді.
