Қазақстанда соңғы үш жылда қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа келісім берген азаматтар саны тұрақты түрде артып келеді. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Трансплантация және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру жөніндегі республикалық орталығының директоры Айдар Ситқазинов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен дөңгелек үстелде мәлімдеді.
Оның айтуынша, 2023 жылы шамамен 4,8 мың азамат қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа келісім берсе, 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығының қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 16,1 мың адамға жеткен.
Сонымен қатар, аталған кезеңде донорлықтан бас тартқан азаматтар саны да артқан. Атап айтқанда, 2023 жылы 33 мың адам бас тарту туралы шешім қабылдаса, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында олардың саны 156 мыңға жеткен.
Мамандардың айтуынша, қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа келісім беру немесе одан бас тарту – әрбір азаматтың жеке таңдауы. Бұл шешімді қазақстандықтар өз еркімен қабылдайды.

