Атырау облысы Исатай ауданына қарасты Тұщықұдық ауылында жоғалып кеткен үш және төрт жастағы екі бала бірнеше сағатқа созылған іздестіру жұмыстарынан кейін аман-есен табылды.
Алдын ала ақпаратқа сәйкес, оқиға 17 шілде күні кешкі мезгілде болған. Балалардың қайда кеткені белгісіз болғаннан кейін тиісті қызметтерге хабар беріліп, іздеу шаралары ұйымдастырылған. Оған полиция қызметкерлері, төтенше жағдайлар саласының мамандары және жергілікті тұрғындар қатысқан.
Бастапқы деректерде балалардың ауылда тұратын 25 жастағы азаматпен бірге кеткені айтылады. Куәгерлердің сөзінше, ер адам бүлдіршіндерге балмұздақ әперетінін айтып, өзімен бірге ертіп кеткен.
Жедел жүргізілген іздестіру нәтижесінде шамамен үш сағаттан соң екі бала да табылды. Олардың аман екені белгілі болды. Балалармен бірге болған азамат ұсталып, мән-жайды анықтау үшін аудандық полиция бөліміне жеткізілген.
Оқиғадан кейін әлеуметтік желілерде ұсталған азаматтың психикалық денсаулығына қатысты түрлі ақпарат тарады. Алайда бұл мәлімет әзірге ресми органдар тарапынан расталған жоқ.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Құзырлы органдардың ресми қорытындысы шықпайынша, әлеуметтік желілерде тараған расталмаған ақпаратқа сақтықпен қараған жөн.
