Төрт баласын жалғыз тәрбиелеп отырған әйел 2024 жылы жетім балалар санаты бойынша мемлекеттен пәтер алған. Алайда көп ұзамай берілген баспананың бес адамнан тұратын отбасы үшін заңда белгіленген тұрғын үй нормасына сәйкес келмейтіні анықталған.
Ана мәселені бейбіт жолмен шешуге тырысып, пәтерді талапқа сай тұрғын үйге ауыстыруды сұрап уәкілетті органға жүгінген. Бірақ оның өтініші қанағаттандырылмаған.
Әділдік іздеген әйел сотқа шағым түсірді. Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты тұрғын үйдің отбасы құрамына сәйкес келмейтінін анықтап, мемлекеттік органдардың шешімдерін заңсыз деп таныды.
Сот шешімімен көпбалалы ананың бұзылған құқығы қалпына келтіріліп, оны 2011 жылдан бастап «жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар» санаты бойынша тұрғын үйге мұқтаждар тізіміне қайта енгізу міндеттелді.
