Қазақстанда қаржылық қиындыққа тап болған азаматтардың кейбір санаттарына несие төлемін жеңілдету мүмкіндігі қарастырылған. Белгілі талаптарға сәйкес келген жағдайда банктер ай сайынғы төлемді кемінде 50 пайызға азайтуға немесе қарызды өтеуді кемінде үш айға кейінге шегеруге міндетті.
Бұл жеңілдік кімдерге беріледі?
Мұндай қолдауға әлеуметтік осал топтағы азаматтар мен төтенше жағдай салдарынан зардап шеккен қарыз алушылар үміткер бола алады. Ол үшін соңғы екі айдағы орташа табысы алдыңғы 12 аймен салыстырғанда 30 пайыздан астам төмендеуі немесе азаматтың атаулы әлеуметтік көмек алуы қажет.
Жеңілдікті рәсімдеу үшін банкке немесе микроқаржы ұйымына растайтын құжаттармен бірге өтініш беріледі. Несие мерзімін өткізіп алуды күтудің қажеті жоқ. Ал берешек пайда болса, 30 күн ішінде жүгінген жөн. Кредитор өтінішті 15 күнтізбелік күн ішінде қарауға тиіс.
Маңыздысы: жұмыссыз қалу немесе табыстың азаюы өздігінен жеңілдік алуға негіз болмайды. Сондай-ақ төлемді кейінге шегеру кезінде пайыз есептеле беруі мүмкін. Сондықтан жаңа төлем кестесіне қол қоймас бұрын оның шарттарын мұқият тексерген дұрыс.

