Алматыда Хэллоуин мерекесі кезінде полиция қызметкеріне қалжыңдаған әйелдің әрекеті сотқа дейін жетті. Орынсыз әзілдің соңы қомақты айыппұлмен аяқталды.
Оқиға 31 қазан күні кешкі уақытта Алматыдағы Арбатта болған. Мерекелік шара кезінде қоғамдық тәртіпті қадағалап жүрген учаскелік инспекторға бейнекамера ұстаған әйел жақындап, үстіндегі полиция формасының Хэллоуинге арналған костюм емес пе екенін сұраған.
Тәртіп сақшысы әйелдің әрекетіне сабырмен жауап беріп, өзін таныстырған және қызметтік куәлігін көрсеткен. Осыдан кейін жұмысын жалғастырған.
Алайда оқиға түсірілген бейнежазба әлеуметтік желіге тараған. Полицейлер видео авторын анықтап, оның Алматы қаласының 47 жастағы тұрғыны екенін белгілі еткен.
Іс сотта қаралып, әйелге 30 АЕК мөлшерінде, яғни 130 мың теңгеге жуық айыппұл салу туралы шешім қабылданған.
Полиция өкілдері қызметтік міндетін атқарып жүрген тәртіп сақшыларына әдейі құрметсіздік көрсету мен арандатушылық әрекеттер заң алдында жауапкершілікке әкелетінін ескертті.
Осылайша, мерекелік көңіл күймен басталған бір ауыз қалжың әйелге қымбатқа түсті.
