Оңтүстік Кореяда Boeing 737 ұшағының апаты орын алды. Қайғылы оқиға авиация қауіпсіздігін арттыру мәселесін тағы да алдыңғы қатарға шығарды, деп хабарлайды Kaztoday.kz.
Sputnik мәліметінше, апат салдарынан 181 адамның 179-ы қаза тапты, тек екі адам тірі қалды.
Алдын ала мәліметтерге сүйенсек, ұшақтың апаты қону кезінде шассиінің істен шығуынан немесе құстармен соқтығысуынан болуы мүмкін. Оқиға Чолла-Намдо провинциясындағы Муан халықаралық әуежайында орын алған. Бұл әуежай Оңтүстік Корея астанасы Сеулден 290 шақырым қашықтықта орналасқан.
ҰшақТаиланд астанасы Бангкоктан Сеулге ұшып келген. Ұшақ қону кезінде ұшу-қону жолағынан шығып, қоршауға соғылып, жарылған. Аман қалған екі адамның біреуі ауыр жарақат алса, екіншісі орташа деңгейде жараланған.
Жолаушылардың 173-і Оңтүстік Кореяның, 2 адам – Таиланд азаматтары.
Айта кетейік, бұған дейін Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияр қаза тапқандар арасында Қазақстан азаматтары жоқ екенін мәлімдеді.
Қазіргі уақытта Оңтүстік Кореяның авиация саласындағы билік органдары оқиғаның нақты себептерін анықтау үшін тергеу жүргізуде. Апат орнына құтқару қызметі мен авиация сарапшылары жіберілді.