Жүргізуші полицейді көлікпен бірнеше метрге сүйреп әкетті, деп хабарлайды kaztoday.kz.
Полицейлер көшелерді патрульдеу кезінде Toyota Highlander жүргізушісін бағдаршамның тыйым салатын белгісінен өткені үшін тоқтатқан.
Полиция инспекторлары көлік жүргізушісінің әрекетінен масаңдық белгісін байқаған. Ол құжатын көрсетпей, сол жерден кетіп қалмақ болды. Бірақ инспектор Бақытжан Боранбай «қауіпті жүргізушіні тоқтату және жол қозғалысының өзге қатысушыларының қатысуымен орын алуы мүмкін қайғылы оқиғаларды болдырмау үшін» көліктің алдына шығып, тосқауыл жасады. Алайда ер адам полицейді машинаның капотында бірнеше метрге дейін сүйреп, қашып кеткен.
Бүгінде құқық бұзған күдікті ұсталды.
Медициналық куәландыру нәтижесі оның есірткілік масаң күйде болғанын көрсеткен. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Күдікті билік өкіліне қатысты өміріне немесе денсаулығына қауіпті күш қолданғаны үшін ол 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.