Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халықтық құрылыс» жобасына жұмсалатын қаражатты қадағалайтын мемлекеттік комиссияның құрамын бекіту туралы жарлыққа қол қойды.
Комиссия мемлекеттік сатып алулардың заңдылығын, құнын және белгіленген мерзімдердің сақталуын бақылауға алады.
Мониторинг нәтижелері бойынша Президентке тоқсан сайын және жыл қорытындысы бойынша есеп ұсынылады. Комиссияның жұмыс органы болып Жоғары аудиторлық палата белгіленді.
Айта кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы «Халықтық құрылыс» жобасына шамамен 6,5 триллион теңге бөлінетінін мәлімдеген болатын.
Ендігі маңызды мәселе – қыруар қаржының мақсатты жұмсалуы, құрылыс сапасы және бақылау нәтижелерінің қоғамға ашық болуы.
Халық үшін бөлінген қаржының әр теңгесі нақты нәтижеге айналуы тиіс. Қоғамға құрғақ есеп емес, сапалы әрі ел игілігіне қызмет ететін нысандар қажет!
