Астанада ұйымдасқан қылмыстық топтың ісі бойынша сот үкімі шығарылды, деп хабарлайды Kaztoday.kz.
ORDA ақпаратына сәйкес, бұл топ Qarmet (бұрынғы «АрселорМиттал Теміртау») кәсіпорнында әрекет еткен.
Еске сала кетейік, бұған дейін іс барысы туралы егжей-тегжейлі жазылған болатын. Істе барлығы 16 эпизод бар, оның ішінде мырышталған металл, алюминий, қола қалдықтары, теміржол рельстерін ұрлау, сондай-ақ қару-жарақ, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды сақтау оқиғалары қамтылған. Эпизодтардың бірі «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорнынан қола ұрлаумен байланысты. Бұл іс 2024 жылғы 25 қарашада қаралған.
Тергеу мәліметтері бойынша, ұйымдасқан қылмыстық топты Занғар Хасенов пен Айдос Төлен басқарған. Топ 2016 жылдан бері әрекет етіп, өздерінің қауіпсіздік компанияларындағы қызметтерін пайдалана отырып, қылмыстар жасаған. Ұрлық, бопсалау және шабуылдарды ұйымдастырумен айналысқан. Көшбасшылар Qarmet нысандарын күзететін «Қасқыр Security» ЖШС-да басшылық қызметтер атқарған.
Сот материалдарына сәйкес, 2016 жылы Хасенов пен Жұмабеков күзетші болып жұмыс істеп жүріп, қаруды заңсыз пайдаланған. Жұмабеков билік өкілін жаралап, зорлық-зомбылық қолданған, ал Хасенов адамды ауыр жарақаттаған.
Сотта Занғар Хасенов пен Айдос Төлен кінәлі деп танылып, 12 жылға бас бостандығынан айырылды. Оларға бес жылға дейін күзет қызметімен айналысуға тыйым салынды.
Қалған айыпталушыларға тағайындалған жаза мерзімі қылмыстың ауырлығына байланысты екі жылдан он жылға дейін. Кейбір сотталушыларға бас бостандығын шектеу жазасы берілді.
Сот «Qarmet» АҚ-ның шығынды өтеу құқығын мойындады. Нақты өтем сомасын азаматтық сот ісі барысында анықтайды. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ. 38 жәбірленушінің талап арыздары олардың өтініші бойынша қараусыз қалдырылды.
Фото: ORDA