Әлеуметтік желілерде Атыраудағы «Шаңырақ» балалар үйінде түсірілген видео таралуда, деп хабарлайды Kaztoday.kz.
Бейнежазбада жартылай жалаңаштанған ер адам баланың артынан қуып, оны бірнеше рет шапалақпен ұрады. Белгілі болғандай, бұл ер адам – балалар үйінің қызметтік көлігінің жүргізушісі. Ол осылайша баланы «тәрбиелемек» болған.
Атырау облысының бала құқықтары жөніндегі уәкілі Айжан Сарсенбаеваның айтуынша, оқиға 2024 жылдың шілде айында болған. Оның сөзіне қарағанда, оқиға былай өрбіген: 15 жастағы тәрбиеленуші жүргізушіні мазақтап, артынан ұрып жіберген. Ер адам оған ескерту жасап, кейін бірнеше рет баланы тәпішкемен ұрып жіберген.
Қызығы, бейнежазба тек қазір ғана әлеуметтік желіде тарала бастады. Себебі жүргізуші электрикпен сөзге келіп қалған, ал электрик осы видео бақылау камерасына жазылған бейнені әлеуметтік желіге жариялап жіберген.
Қазіргі уақытта тергеу жүргізілуде, қылмыстық іс қозғалды.