Қазақстан жалға алып отырған Ыстықкөлдегі төрт демалыс аймағы келісім шарттарының орындалмауы жағдайында Қырғызстанның меншігіне қайтарылуы мүмкін, деп хабарлайды деп хабарлайды kaztoday.kz.
Бұл туралы «Орда» Kaktus Media-ға сілтеме жасап хабарлады.
14 сәуір күні Жогорку Кенештің халықаралық істер жөніндегі комитеті үш оқылымда шарт талаптарын өзгерту туралы заң жобасын мақұлдады.
Қырғызстанның экономика және коммерция вице-министрі Искендер Асылкуловтың айтуынша, екі ел үкіметтері арасында 19 жыл бұрын жасалған бастапқы құжатқа сәйкес, Қазақстан демалыс аймақтарын жаңғырту шартымен жалға алуға тиіс болған.
Оның ішінде – «Олимп» спорттық-сауықтыру орталығы, «Самал» демалыс үйі, «Университет» спорттық-сауықтыру лагері және «Қазақстан» шипажайы бар.
Алайда бұл құжатта Қазақстан тарапына жүктелген міндеттемелер мен жауапкершіліктер нақты көрсетілмеген.
2009 жылы тараптар пансионаттар орналасқан жер телімдерін 49 жыл мерзімге жалға беру туралы қосымша келісімге келген болатын.
2023 жылы Қазақстанның жауапкершілігіне қатысты талаптар қайта қаралды, ал өткен жылдың желтоқсанында 2006 жылғы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттамаға қол қойылды.
Жаңа түзетулерге сәйкес, қазақстандық тарап нысандарды 2029 жылдың 31 желтоқсанына дейін қайта жаңғыртып бітіруге тиіс. Атап айтқанда, «Қазақстан» шипажайын төрт жұлдызды қонақүй деңгейіне жеткізу, «Университет» пен «Самалды» – үш жұлдызды деңгейге дейін жаңарту, ал «Олимп» нысанын толыққанды спорт базасына айналдыру міндеті жүктелген.
«Егер бұл шарттар бес жыл ішінде орындалмаса, нысандар Қырғызстанның меншігіне өтеді және шығындар өтелмейді», – деп түсіндірді вице-министр.
Бұдан бөлек, бұған дейін нысандарды қайта құру кезінде Қырғызстан азаматтарының үлесі кемінде 80 % болуы тиіс деп көрсетілсе, енді бұл көрсеткіш 90 %-ға дейін көтерілді.
Фото: Open.kg.