Кәмелетке толмаған, мүгедектігі бар баласын жалғыз тәрбиелеп отырған әйел қоғамнан көмек пен әділдік сұрады. Оның айтуынша, бұрынғы күйеуі діни ұстанымын алға тартып, сот шешімімен белгіленген алиментті төлеуден бас тартып келеді.
Әйелдің сөзінше, олар АХАЖ арқылы некелерін заңды түрде тіркемеген, тек діни неке қиған. Осы қарым-қатынастан ұл дүниеге келген.
Баласы бір жасқа толған кезде бұрынғы күйеуі оны діни мәтіндерді жаттауға мәжбүрлеп, үйретпеді деген себеппен әйелді де, баланы да ұрып-соққанын айтады. Анасының айтуынша, осыдан кейін баланың сөйлеуі тоқтап, кейін оған аутизм диагнозы қойылған.
Зорлық-зомбылықтан кейін әйел баласымен бірге «Ана мен бала» дағдарыс орталығына жүгінген. Ол бұрынғы күйеуіне қатысты арыз жазғанымен, іс кейін тоқтатылғанын мәлімдеді. Сондай-ақ әйел бұрынғы жұбайы істі «ақша беріп шешкенін» айтып мақтанғанын жеткізді.
Алайда әйелдің айтуынша, мәселе мұнымен аяқталмаған.
Ажырасқаннан кейін сот мүгедектігі бар баланы асырау үшін бұрынғы күйеуіне ай сайын 20 АЕК мөлшерінде алимент төлеу міндетін жүктеген. Бірақ анасының сөзінше, ер адам сот шешімін орындамай, «шариғатта алимент жоқ» деген уәжбен төлем жасаудан бас тартып отыр.
Бүгінде баланың еміне, оңалтуына және арнайы балабақшаға баруына тұрақты қаражат қажет. Анасы баласының қажеттіліктерін жалғыз өзі өтеу қиын екенін айтып, құзырлы органдардан көмек сұрап отыр.
«Мен қоғамнан әділдік пен көмек сұраймын. Менің де, кәмелетке толмаған баламның да құқығы қорғалса екен», – дейді ана.
Әйел заң өкілдерінен бұрынғы күйеуінің әрекеттеріне құқықтық баға беріп, сот шешімімен белгіленген алименттің өндіріліп, баланың құқықтары мен заңды мүдделерінің қорғалуын талап етті.
