Шымкенттегі жастар орталығында қызметкерлерді «лайк» қоймағаны үшін жазалаған, деп хабарлайды kaztoday.kz.
Шымкент қаласындағы «Жастар ресурстық орталығының» қызметіне қатысты әлеуметтік желілерде қызу пікірталас өршіп тұр. Қоғам назарына ұсынылған ақпаратқа сүйенсек, мекеме басшылығы әлеуметтік желідегі белгілі жазбаларға «лайк» қоймаған қызметкерлерге қатысты жазалау шараларын қолданған.
Атап айтқанда, орталық басшысы тарапынан кейбір қызметкерлерге лүпіл баспағаны үшін ресми түрде ескерту беріліп, бұл жайт ұжым жиналысында жария түрде көтерілген.
Бұл туралы блогер Диас Нұрақын өз парақшасында жазды.
«Бәленің бәрі Шымкенттен шығады деуге аузым бармайды. Бірақ мына сорақылық солай айтуға мәжбүрлеп тұр. Шымкенттегі “Жастар ресурстық орталығының” басшысы әлеуметтік желідегі “акиматовский” жазбаларға лайк баспаған қызметкерлерін жаппай жазалай бастапты. Тіпті лүпіл қоймағандарды тізімдеп, жиналыста жұрттың көзінше масқаралайтын көрінеді. Жиналысқа салғаны былай тұрсын, бұйрық шығарып ресми түрде “ескерту” жасалыпты. Лайк басу, баспау әркімнің өз шаруасы. Қинап, қыстауға ешкімнің қақысы жоқ. Бұрын осындай жұмыстарға мұғалімдерді жегуші еді. Енді әлеуметтік желінің тілін түсінетін жастарды “лайкшыл” жасауда. Лайкқа лайық жазбаны жұрт онсызда оқиды, таратады, бөліседі. Шымкенттегі шолақбелсенділерге соны жеткізіңдерші халайық!» — дейді жазба авторы.