16 миллион қазақстандықтың жеке деректері тарап кетті, деп хабарлайды Kaztoday.kz.
SecuriXy.kz Telegram-арнасының мәліметінше, 16,3 миллионнан астам Қазақстан азаматының деректері бар мұрағат ашық қолжетімді болған.
Мұрағаттағы файлдардың жалпы көлемі 7 гигабайттан асады. Онда 15,8 миллионнан астам ЖСН, 17 миллионға жуық телефон нөмірі, толық аты-жөні, туған күні, азаматтығы және мекенжайы көрсетілген. Бұл — еліміздегі соңғы жылдардағы ең ауқымды деректердің таралу оқиғасы болып отыр.
Мамандардың айтуынша, бұл мәліметтер фишинг, құжаттарды қолдан жасау, eGov порталы мен мобильді банктердегі аккаунттарға шабуыл жасау, сондай-ақ телефон арқылы алаяқтық әрекеттер үшін пайдаланылуы мүмкін.
ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі бұл деректердің таралуына қатысты ақпаратты тексеріп жатқанын хабарлады.
«Барлық тиісті ведомстволар мен қызметтер іске жұмылдырылды. Ұсынылған ақпараттың өзектілігіне де кешенді талдау жүргізілуде. Алғашқы сараптама нәтижесінде деректердің басым бөлігі ескі екені анықталды», – деп мәлімдеді министрлік.