Аудан әкімдігі жанындағы мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиынға аудан әкімі Алмасбек Есмаханов төрағалық етті.
Отырыста мемлекеттік рәміздерді пайдалану, қолдану және насихаттау бағытында атқарылған жұмыстар мен мемлекеттік мекемелерде жүргізілген зерделеу нәтижелері қаралды.
Комиссия барысында аудан әкімі мемлекеттік рәміздерді қолдануда бірқатар заңбұзушылықтар мен кемшіліктер анықталғанын атап өтіп, жауапты мекемелердің жұмысын сынға алды. Атап айтқанда, кейбір ауылдық округ әкімдіктері мен мәдениет үйлерінде мемлекеттік рәміздерді ауыстыру және жою жөніндегі тұрақты комиссиялар құрылмағаны, тиісті құжаттардың рәсімделмегені және ескірген нормативтік құжаттардың қолданылғаны белгілі болды.
Сонымен қатар, білім беру ұйымдарында да мемлекеттік рәміздерге қатысты талаптардың сақталмау деректері анықталған. Кейбір мектептерде мемлекеттік Тудың жыртылғаны, Елтаңба мен Ту орналастырылған тұғырлардың бүлінгені, ақпараттық стендтердегі жазулардың талапқа сай еместігі және мемлекеттік рәміздердің толық орналастырылмағаны белгілі болды.
Жиын қорытындысында аудан әкімі жауапты мекеме басшыларына қатаң ескерту жасап, анықталған кемшіліктерді шұғыл түрде қалпына келтіруді тапсырды. Сондай-ақ мемлекеттік рәміздердің техникалық жағдайына тұрақты бақылау жүргізу, заң талаптарының қатаң сақталуын қамтамасыз ету, тоқсан сайын зерделеу жұмыстарын ұйымдастыру және мұндай кемшіліктердің қайталануына жол бермеу бойынша нақты міндеттер жүктеді.
Комиссия отырысының нәтижесінде аудандық қоғамдық даму бөліміне тиісті хаттамалық тапсырмалар әзірлеу тапсырылды.
