Бүгін аудан әкімдігі ғимаратында мектеп бітіруші үздік түлектерге арналған ашық есік күні ұйымдастырылды. Іс-шара аясында жас түлектер әкімдік жұмысымен танысып, ауданның тарихы мен даму жолы туралы мағлұмат алды.
Кездесу барысында оқушыларға әкімдік ғимараты таныстырылып, ауданның құрылу кезеңдері, өңірдің өркендеуіне елеулі үлес қосқан ел ағаларының еңбектері жөнінде кеңінен айтылды. Сондай-ақ түлектер мемлекеттік қызметтің ерекшеліктерімен танысып, елге қызмет етудің маңызы туралы пікір алмасты.
Ашық форматта өткен жүздесуде жастардың болашақ мамандық таңдауы, алға қойған мақсаттары мен білімге деген ұмтылыстары сөз болды. Түлектер өз ойларын еркін білдіріп, көкейлеріндегі сұрақтарына жауап алды.
Кездесу барысында мектеп бітіруші жастарға алдағы Ұлттық бірыңғай тестілеуді сәтті тапсырып, өздері қалаған жоғары оқу орындарының студенті атануға тілектестік білдірілді. Сонымен қатар ел болашағы білімді әрі білікті жастардың қолында екені айтылып, туған елдің дамуына үлес қосатын азамат болуға шақырылды.
Іс-шара соңында оқушылармен естелік суретке түсіп, ашық есік күні жас түлектерге ерекше әсер сыйлады.
