Шымкент қаласында өз балаларына қатыгездік танытып, дене жарақатын салған әйелге сот үкімі шықты. Тергеу барысында оның әрекеті бір сәттік ашудың салдары емес, жүйелі түрде жасалғаны анықталған.
Сот материалдарына сәйкес, әйел сегіз жастағы ұлының аузын қыздырылған шанышқымен күйдіріп, 11 жастағы қызының шашын ұстарамен тақырлап алып тастаған. Сонымен қатар, ол қыздырылған үтікпен қызының ішін күйдіріп, ұлының беті мен санына күйік жарақатын салған.
Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Алтынай Білтебайдың айтуынша, айыпталушы балаларына физикалық азап көрсетумен шектелмеген.
– Ол 12 қаңтар күні қатты аязда екі баласын Қошқар-ата өзеніне апарып, мұздай суға күштеп кіргізіп, сол жерде тұншықтырмақ болған, – деді судья үкім шығарар алдында.
Сот отырысында айыпталушы Ергешова өз әрекетін ауыр тұрмыстық жағдаймен түсіндірді. Оның айтуынша, күйеуі Францияға кетіп, өзін төрт баласымен қаражатсыз әрі азық-түліксіз қалдырған.
– Он жыл бойы көрген қорлығымнан кейін шыдамым таусылды. Енем мен күйеуімді құдай жазаласын. Менде кек алу ойы болған жоқ. Аффект жағдайында болдым. Көзіме ештеңе көрінбеді. Күйеуім Францияға кетіп, мені көк тиынсыз қалдырды. Үйде тамақ та, газ да болмады. Соның бәрі мені қатты ызаландырды, – деді ол сотта.
Прокурор айыпталушыны 4 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыруды сұрағанымен, сот оған бұдан да қатаң жаза тағайындады. Нәтижесінде Ергешова 5 жыл 3 айға бас бостандығынан айырылып, колонияға жіберілді.
Әйел сот үкімімен келіспейтінін мәлімдеді. Адвокатының айтуынша, балалар анасын кешірген. Алайда бұл жайт сот шешіміне ықпал етпеген.
Қазіргі уақытта әйелдің төрт баласы да мемлекет қамқорлығына алынған. Белгілі болғандай, балалар өздерін әкесіне де, әжесіне де қайтармауды сұраған.

