Павлодарда жаңа туған қызын ақшаға сатпақ болған 23 жастағы әйелге қатысты сот үкімі шықты. Сот оны кәмелетке толмаған адамды саудалауға оқталғаны үшін кінәлі деп таныды.
Тергеу мәліметінше, Түркістан қаласының тұрғыны жүктілігі кезінде қаржылық қиындықтарға байланысты дүниеге келетін сәбиін ақшаға беруді жоспарлаған. Ол баланы сатып алатын адамды «ВКонтакте» әлеуметтік желісіндегі қауымдастықтардың бірінен іздеген.
Кейін әйел болжамды сатып алушымен байланысып, баланы 800 мың теңгеге беру туралы келісімге келген.
28 наурызда әйел Павлодар қаласында қыз баланы дүниеге әкелген. Арада бірнеше күн өткен соң, 31 наурызда, ол алдын ала келісілген адаммен кездесіп, жаңа туған нәрестені медициналық құжаттарымен бірге тапсырған. Осы кезде одан 100 мың теңге алған.
Алайда баланы сатып алушы құқық қорғау органдары ұйымдастырған жедел іс-шараға қатысқан адам болған. Ақша алдын ала арнайы белгіленіп қойылған.
Сот әйелді кәмелетке толмаған адамды саудалау фактісі бойынша кінәлі деп танып, 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Сонымен қатар сот оның жазасын өтеуді 5 жылға кейінге қалдырды.

