Алматыда шетелге саяхат ұйымдастыруға ақша төлеген ондаған клиентті алдаған турагентке қатысты сот үкімі шықты. Travel Way Kz жеке кәсіпкерлігінің басшысы, 27 жастағы Лиана Тавмурзаева 37 адамға қатысты алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылды.
Тергеу мәліметінше, Тавмурзаева 2024 жылы туристік компаниясын ашып, клиенттерге шетелдік турпакеттер сатқан. Алайда кейбір туристерге әуе билеттері рәсімделмеген, енді бірінің қонақүйі төленбеген. Нәтижесінде клиенттерге келген жалпы шығын шамамен 80 миллион теңгені құраған.
2025 жылдың жазында 37 адам құқық қорғау органдарына арыз жазғаннан кейін турагент ұсталып, кейін оған үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған.
Сотта Лиана Тавмурзаева кінәсін мойындамады. Ол клиенттердің ақшасын компаньоны мен күйеуі иемденіп кеткенін айтып, өзінде «кассалық алшақтық» болғанын жеткізді. Яғни бір клиенттен түскен қаражатты екіншісінің сапарын ұйымдастыруға жұмсағанын мәлімдеді.
Алайда сот бұл уәждерге сыни баға беріп, Тавмурзаеваның бөтен ақшаны иемденуге бастапқыдан ниеті болған деген қорытындыға келген.
Сот оны алаяқтық жасағаны үшін 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды. Алайда сотталған әйелдің қарауында кәмелетке толмаған балалары бар жалғызбасты ана екені ескеріліп, жазаны өтеу 2 жылға кейінге қалдырылды.
Осылайша, әзірге Тавмурзаева түрмеге қамалған жоқ. Ал келешекте жазаның қалай орындалатыны заңда көзделген жағдайларға байланысты болады.
Бұл іс бойынша ең басты мәселе — ондаған туристің ақшасы қайтарыла ма, жоқ па деген сұрақ. Үкімде келтірілген залалдың өтелмегені айтылған.
