Батыс Қазақстан облысында ауыл шаруашылығын қолдауға бағытталған бюджет қаражатын жымқыру дерегі анықталды. Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, мемлекетке 251 миллион теңге көлемінде залал келтірілген.
Тергеу деректеріне сәйкес, күдікті Күйгенкөл ауылында суару жүйелерін салуға жұмсалған шығындарды өтеу мақсатында жалған құжаттар әзірлеп, уәкілетті органдарға ұсынған. Соның нәтижесінде өзі бақылауындағы екі жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің есепшоттарына мемлекеттік субсидия түрінде 251 млн теңге аудартқан.
Кейіннен қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылып, оның бір бөлігіне тұрғын үй сатып алынғаны белгілі болды. Аталған жылжымайтын мүлікке сот шешімімен тыйым салынды.
Қазіргі уақытта осы іске қатысты тергеу амалдары жалғасып жатыр.

