Павлодар қаласындағы мектептердің бірінде оқушылардың белгісіз заттан улануы мүмкін деген күдік туындады. Оқиға 12 қазанда болған.
Облыстық білім басқармасының дерегіне сүйенсек, мектептегі оқу кабинеттерінің бірінен өткір иісі бар таблеткалар табылған. Сабақ аяқталғаннан кейін алты оқушының денсаулығы сыр беріп, өзін жайсыз сезінген.
Алдын ала тексеру қорытындысы бойынша балалардың жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланған. Ал денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, иістен улануы мүмкін деген күдікпен үш оқушы ауруханаға жеткізілген. Кейін олар амбулаториялық ем қабылдауға жіберілді.
Оқиғадан соң мектеп әкімшілігі қызметтік тексеру жүргізіп, оның нәтижесінде жауапты қызметкерлерге тәртіптік жаза қолданылған.
