Астанада әлеуметтік көмекке мұқтаж азаматтарға арналған 170 пәтерді жалған құжаттар арқылы иемденуге әрекет жасаған топтың әрекеті әшкереленді. Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, бұл іске полиция қызметкерлері де қатысы болуы мүмкін.
Тергеу деректеріне сәйкес, «Төленді» кооперативінің бұрынғы басшысы сыбайластарымен бірге пәтерлерді заңсыз иемдену схемасын ұйымдастырған. Айта кетейік, ол бұған дейін 2016 жылы 1,5 мың үлескердің 10 млрд теңгесін жымқырғаны үшін 8 жылға бас бостандығынан айырылған.
Күдіктілер 80-нен астам адамның атына жалған келісімшарттар рәсімдеп, сол азаматтардың атынан полицияға арыз түсірген. Кейін сот шешімдерін пайдаланып, жалпы құны 4,4 млрд теңгеден асатын 170 пәтерді өз аттарына тіркеп, сатуды көздеген.
Аталған жалған келісімшарттарды сатып алған азаматтарға 400 млн теңгеден астам материалдық залал келген.
Қаржылық мониторинг агенттігінің хабарлауынша, қылмыстық схемаға полиция қызметкерлерінің де қатысы тексеріліп жатыр. Оларға қатысты лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану және дәлелдемелерді бұрмалау баптары бойынша тергеу басталған.
Қазіргі уақытта іс бойынша 19 адам күдікті деп танылып, олардың 9-ы қамауға алынған.
