Қызылордада белгілі ақын, журналист Кенжалы Ерімбетовтің 70 жылдық мерейтойына арналған «Дүркіреп өтті дүр жылдар» атты шығармашылық кеш өтті. Асқар Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде өткен шарада қаламгердің өнегелі өмір жолы мен журналистика және әдебиет саласына қосқан үлесі ұлықталды.

Кешке облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Каюпов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, зиялы қауым өкілдері, журналистер, әріптестері мен жақындары қатысты.
Салтанатты жиында Руслан Каюпов аймақ басшысы Мұрат Ергешбаевтың құттықтауын табыстап, мерейтой иесінің иығына шапан жапты. Сондай-ақ қаламгердің ақпарат саласы мен ел руханиятының дамуына қосқан үлегін атап өтіп, шығармашылық табыс тіледі.
Шара барысында ақынның еңбек жолы мен шығармашылығы туралы естеліктер айтылып, замандастары мен әріптестері жүрекжарды лебіздерін білдірді. Мерейтойлық кеш аясында өлеңдері оқылып, сөзіне жазылған әндер орындалды.
«Ардагер келбеті» газетінің бас редакторы, «Қазақстанның құрметті журналисі», Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі Кенжалы Ерімбетовтің шығармашылық кеші қаламгер еңбегіне құрмет көрсетіп, оның рухани мұрасын дәріптеген тағылымды басқосуға айналды.

