Қазақстанда денсаулық сақтау ұйымдары басшыларының кәсіби біліктілігін бағалау жұмыстары жалғасуда. Аттестаттаудың алғашқы нәтижелері бірқатар медициналық мекеме жетекшілерінің белгіленген талаптарға сай балл жинай алмағанын көрсетті.
Ұсынылған мәліметке сәйкес, перзентханалар, жедел медициналық жәрдем қызметтері және өзге де денсаулық сақтау ұйымдарының басшыларын қамтитын аттестаттау аясында 235 адам тестілеуден өткен. Олардың 47-сі қажетті шекті балды жинай алмаған. Ал тағы 27 басшы сынаққа мүлде қатыспаған.
Қанағаттанарлықсыз нәтиже көрсеткен басшылардың басым бөлігі Ақмола, Маңғыстау және Қостанай облыстарында тіркелген. Ал Астана қаласы мен Павлодар облысында тестілеуге қатысқан басшылардың барлығы белгіленген талапты орындаған.
Аттестаттау тәртібіне сәйкес, алғашқы кезеңнен өте алмаған жетекшілер келесі саты әңгімелесуге жіберілмейді. Оларға алты айдан кейін білімін қайта тексеруге мүмкіндік беріледі.
Медициналық ұйым басшысының кәсіби даярлығы мекеменің жұмысын тиімді ұйымдастыруға, қызмет сапасын бақылауға және пациенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тікелей әсер етеді. Сондықтан аттестаттау тек теориялық білімді бағалау емес, басқарушы кадрлардың кәсіби деңгейін анықтаудың маңызды тетігі саналады.
Денсаулық сақтау саласындағы басшы лауазымын атқару жоғары жауапкершілікті талап етеді. Өйткені медициналық мекемеде қабылданған әрбір басқарушылық шешім азаматтардың денсаулығы мен өміріне ықпал етуі мүмкін.
Еліміздегі медициналық ұйымдар басшыларын аттестаттау жұмыстары желтоқсан айының соңына дейін жалғасады. Қорытынды нәтижелер бойынша басқарушы кадрлардың кәсіби даярлық деңгейіне толық баға беріледі.
