Қазақстанда адамның келісімінсіз тағамына немесе сусынына қауіпті заттарды жасырын қосқаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу ұсынылды.
Депутат Айжан Аймағанованың айтуынша, мұндай әрекет салдарынан адам айналасында не болып жатқанын аңғармай, өзін қорғау және қарсылық көрсету мүмкіндігінен айырылуы ықтимал.
Спайкинг жыныстық зорлық-зомбылық, тонау және басқа да қылмыстардың жасалуына жағдай туғызады.
Қазіргі заңнамада мұндай әрекеттердің салдары үшін жауапкершілік қарастырылғанымен, қауіпті заттарды адамның келісімінсіз жасырын енгізудің өзі жеке қылмыс ретінде толық реттелмеген.
Осыған байланысты депутат аталған әрекетке дербес қылмыстық-құқықтық баға беру мәселесін көтерді.
Айта кетейік, спайкинг – адамның хабарынсыз және келісімінсіз оның ағзасына қауіпті заттарды жасырын енгізу әрекеті.

