Жітіқарадағы өртте 5 баласы қайтыс болған ана сотталды, деп хабарлайды kaztoday.kz.
Қостанай облысы Жітіқара аудандық соты 5 баласы өртеніп кеткен анаға қатысты үкім шығарды.
Аудандық сотта ҚК 292-бабының 3-бөлігімен, яғни абайсызда 5 баланың өліміне әкеп соқтырған өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу айыпталушыға қатысты қылмыстық іс қаралды.
— Сотталушы балаларын қараусыз қалдырдып, үлкен ұлына үйдің іші салқындаған жағдайда пешке от салуды тапсырған. Ұлы пеште отын, көмір және тұрмыстық қоқыстарды жағады, сондай-ақ пеш жанында белгісіз сұйықтықпен жатқан пластикалық бөтелкені отқа салады. Нәтижесінде пештегі жалынның жанып, өртке айналуына себеп болды. Өрт салдарынан бес бала қайтыс болды. Сотталушының кінәсі оның мойындау айғақтарымен, куәгерлердің айғақтарымен, оқиға болған жерді тексеру хаттамасымен және сот сараптамаларының қорытындыларымен дәлелденді, — делінген Жетіқара аудандық сотының хабарламасында.
Сот кезінде сотталушы өзінің кінәсін толық мойындап, өкінетінін айтқан. Сондай-ақ бас бостандығынан айырмауды өтінген.
Сот шешімімен айыпталушыға 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. ҚК-нің 74-бабының негізінде жас баланың болуына байланысты жазаны орындау кейінге қалдырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.