Қарағандыда 5,3 млрд теңгенің заңбұзушылығы анықталды, деп хабарлайды Kaztoday.kz.
Қарағанды облысында жүргізілген аудит нәтижесінде 5,3 млрд теңгеге жуық қаражаттың мақсатсыз жұмсалғаны анықталды.
“ҚР Жоғары аудиторлық палатасының тапсырмасымен Қарағанды облысы бойынша тексеру комиссиясы жергілікті атқарушы органдардың (ЖАО) және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қарыздарын басқару тиімділігіне аудит жүргізді. Аудит қорытындысы бойынша жалпы сомасы 5,3 млрд теңгеге жуық қаржы бұзушылықтары анықталды”, – делінген хабарламада.
Жоғары аудиторлық палатаның мәліметінше, соңғы бес жылда өңірдің қарыз жүктемесі 2,2 есеге көбейген.
Ал қарызға қызмет көрсету шығындары 1,5 есеге артқан. Әсіресе, пандемия кезеңінде мемлекеттік бағалы қағаздар көптеп шығарылып, 2020 жылғы қарыз лимиті 3,8 млрд теңгеге асып кеткені анықталды.
“Дегенмен қазіргі уақытта қарыз құрылымының оң динамикасы байқалғанымен, оның бюджетке үлкен салмағы 2031 жылы түседі. Сол жылы 20 келісімшарт бойынша 21,7 млрд теңге көлемінде қарызды өтеу қажет. Жалпы, 2024 жылы 1 қаңтардағы негізгі қарыздың 60,4%-ы 2030-2043 жылдар аралығында өтелуі тиіс”, – деп хабарлады Жоғары аудиторлық палата.