Қазақстан Ұлттық банкі сұранысқа ие емес долларлық банкноттардан құтылды, деп хабарлайды Kaztoday.kz.
Елдегі айырбастау пункттері қабылдаудан бас тартқан 48 миллион доллар шетелге жөнелтілді.
Ұлттық банктің мәліметінше, өткен жылы реттеуші ескі үлгідегі долларларды жинап, шетелге сату туралы келісімге келген. Бұл купюралар көптеген елдерде қабылданбайтын болғандықтан, Қазақстандағы айырбастау пункттерінің жұмысына қиындық туғызды және валюта бағамына әсер етті.
Ұлттық банк екінші деңгейлі банктерден сұранысқа ие емес «ақ долларларды» сатып алғанын мәлімдеді. Комиссиялық төлем шетелдік серіктестердің нарықтық бағамына сәйкес жүргізілген. 2024 жылдың соңында жиналған банкноттар шетелге жөнелтілді.
«Банк ескі үлгідегі қолма-қол долларды қабылдау бойынша АҚШ-тың Федералды резервтік жүйесімен тікелей келісім жасады. Бұл тасымалдау, сақтандыру және басқа да шығындарды азайтуға мүмкіндік берді. Нәтижесінде осы операциялар бойынша комиссиялық сыйақы 0,3%-ға дейін төмендетілді», – деп хабарлады Ұлттық банк.
Реттеуші елдегі ескі доллар банкноттарының шамадан тыс жиналу мәселесі шешілгенше, қазақстандық банктерден «ақ долларларды» сатып алуды жалғастыратынын мәлімдеді.
Қаңтар айында Ұлттық банк айырбастау пункттерінің жұмысын қатаң реттейтінін, сонымен қатар шетел валютасын сатып алу мен сату бағамдары арасындағы айырмашылықты шектейтінін жариялады.
Сол кезде экономист Ғалым Хусаинов айырбастау пункттеріндегі жоғары спрэдтің себебі «ақ долларлардың» көп болуымен байланысты болуы мүмкін деп болжаған.
Фото: Elements.envato.com