Маңғыстау облысында медициналық мекеменің бюджет қаражатын заңсыз иемденген бас есепшісіне қатысты сот үкімі шықты. Ол 32 миллион теңгеден астам қаржыны жымқырғаны үшін 7 жылға бас бостандығынан айырылды.
Маңғыстау облысы прокуратурасының мәліметінше, заңбұзушылық облыстық көпбейінді аурухананың қаржылық қызметіне жүргізілген тексеру кезінде анықталған.
Тергеу материалдарына сәйкес, бас есепші танысымен алдын ала келісіп, бюджеттен бөлінген ақшаны жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың есепшоттарына аударған. Кейін бұл қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылған.
Аталған әрекетке байланысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігінің 2) тармағы бойынша, яғни аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе талан-таражға салу дерегімен қылмыстық іс қозғалған.
Сот бас есепшіні кінәлі деп танып, оған 7 жыл мерзімге түрме жазасын тағайындады. Бұдан бөлек, ол 5 жыл бойы бухгалтерлік қызметпен айналысу құқығынан айырылды.
Ал оның сыбайласына 7 жылға бас бостандығын шектеу жазасы берілді.
Прокуратураның хабарлауынша, сотталушылардың кінәсі толық дәлелденген. Сот үкімі заңды күшіне енді.

