Семейде оқушыны ұрып-соққан жасөспірімдердің анасы ата-ана құқығынан айырылды, деп хабарлайды Kaztoday.kz.
Семей қаласында алтыншы сынып оқушысын соққыға жыққан бірнеше жасөспірімге қатысты іс бойынша бірқатар тәртіптік және әкімшілік шаралар қабылданды. Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның шешімімен екі ана ата-ана құқығынан айырылды.
Жасөспірімдердің өз құрдасына күш көрсеткен әрекеті қоғамда кең талқыланып, жауаптыларға қатаң шара қолдану талап етілген болатын. Комиссия шешіміне сәйкес, шабуылға қатысқан жасөспірімдер арнайы режимдегі тәрбие мекемесіне жіберілді.
Соттың мәліметінше, ата-аналар тарапынан ішімдікке салыну, есірткі қолдану, бірнеше мәрте әкімшілік құқық бұзушылық, полиция есебінде тұру және балаларын тәрбиелеудегі салғырттық сияқты себептер шешімге негіз болды.
Бұдан бөлек, ата-аналық міндеттерін орындамағаны үшін тағы бес анаға 78 640 теңгеден айыппұл салынды. Ал бір жасөспірімнің әкесі бес тәулікке әкімшілік қамаққа алынды. Сонымен қатар, кейбір ата-аналардан алимент пен мемлекеттік баж салығы да өндірілді.
Айта кетейік, қабылданған шешіммен келіспеген үш ата-ана сотқа шағым түсірді. Іс материалдары тиісті органдарда қаралуда.