Қазақстанда жемқорлық фактілері туралы хабарлаған азаматтарға берілетін ақшалай сыйақының тәртібі нақтыланды. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы тиісті жаңа бұйрыққа қол қойды.
Жаңа ережеге сәйкес, жемқорлық туралы ақпарат берген азаматтарға төленетін сыйақы пара сомасына немесе келтірілген залалдың көлеміне байланысты есептеледі. Кей жағдайда сыйақы мөлшері 17,3 млн теңгеден асуы мүмкін.
Сыйақы қалай беріледі?
Азаматтың хабарламасы алдымен тексеріледі. Тексеру нәтижесі бойынша өтінішті арнайы комиссия қарайды. Егер комиссия оң шешім қабылдаса, сыйақы өтініш берушінің банк шотына бір ай ішінде аударылады.
Алайда барлық азаматқа бірдей ақшалай сыйақы берілмейді.
Қызметтік міндетіне байланысты жемқорлық фактілері туралы хабарлауға міндетті мемлекеттік қызметшілерге ақшалай сыйақы қарастырылмаған. Олардың еңбегі үшін алғыс жариялау немесе грамота табыстау сияқты ынталандыру шаралары қолданылуы мүмкін.
Жаңа қағидалар 22 тамыздан бастап күшіне енеді.
Осылайша, мемлекет жемқорлық фактілерін анықтауға қоғамның қатысуын арттыруды көздеп отыр. Азаматтар заң бұзушылық туралы хабарлап қана қоймай, белгілі бір жағдайларда ол үшін қомақты қаржылай сыйақы да ала алады.
