Жамбыл облысында 80-ге жуық жекеменшік мектептің мұғалімдері айлықсыз қалды. 17 мың оқушының оқу тағдыры бұлыңғыр. Бүгін мектеп басшылары әкімдік алдына наразылыққа шықпақ.
Ең сорақысы-облыстық білім басқармасы жекеменшік мектептерге 17 мың бала мұқтаж екенін біледі. Ендеше, неге оқу жылы басталмай тұрып есеп жүргізіп, мемлекеттік сатып алуды уақытында ұйымдастырмаған? Баланың саны кеше ғана белгілі болды ма, әлде жауапты мекемелердің жауапкершілігі ұйқыда ма?
Екі ай өтті. Мұғалім жалақысыз, мектеп қаржысыз, ата-ана алаңдаулы. Ал жауапты шенеуніктердің нақты шешімі қайда?
Тағы бір ащы шындық: мемлекеттік мектептердегі төбелес пен жанжал, қайғылы оқиғалар қоғамды дүрліктіріп жатқанда, жекеменшік мектептердің өзін қаржыландыру мәселесі шешілмей отыр. Қай мектепте қауіпсіздік жоғары екенін эмоциямен емес, нақты дерекпен бағалау керек. Бірақ бір нәрсе анық: жекеменшік мектептерді қаржысыз қалдыру-мыңдаған баланың білім алу құқығын тәуекелге тігу.
Жамбыл билігі, 17 мың баланың тағдырына кім жауап береді? Мұғалімдердің айлығы қашан төленеді? Әлде бұл мәселе де жыл сайын қайталанатын заңдылыққа айнала ма?
