Ақтауда балалар ойын алаңының қауіпсіздігіне қатысты тұрғындар дабыл қақты. 17-шағынаудандағы №51 үйдің ауласында орналасқан сырғанақта ойнаған бала саусағынан жарақат алған. Оқиға туралы әлеуметтік желіде бейнежазба тарады.
Тұрғындардың бірі ойын алаңындағы жабдықтардың әбден тозғанын айтып, балалардың өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрғанына алаңдаушылық білдірген.
Оның сөзінше, сырғанақтың темір және ағаш бөліктері бір-бірінен ажырап, арасында саңылау пайда болған. Дәл осы ақаудың салдарынан баланың саусағы қысылып, кесілген.
«Кеше кешкісін осы жерде бір бала саусағын қысып, жарақаттап алды. Сырғанақтың мына тұсы ашылып кеткен. Әсіресе қараңғы уақытта оны байқау қиын. Тіпті жанында тұрған ересек адам да көрмеуі мүмкін.
Тұрғындар ойын алаңындағы мәселе тек сырғанақпен шектелмейтінін жеткізді. Олардың айтуынша, ауладағы әткеншектердің де бірқатары сынып, пайдалануға жарамсыз күйге түскен. Соған қарамастан балалар бұл жерде күнделікті ойнап жүр.
Аула тұрғындары бүлдіршіндердің қауіпсіздігіне жауапты мекемелердің назар аударуын талап етуде. Олар қауіпті ойын құрылғыларын шұғыл тексеріп, ақауларды жою қажет деп есептейді.
Тұрғындар Ақтау қаласының әкімдігі мен жауапты мердігер ұйымнан ойын алаңының жағдайына қатысты нақты шара қабылдап, түсініктеме беруді сұрайды.
Әзірге аталған жағдайға байланысты жауапты мекемелердің ресми ұстанымы туралы ақпарат жоқ.
