Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы 2026 жылғы 23 тамызға белгіленген Құрылтай депутаттарының сайлауына дайындық барысы туралы мәлімет жариялады.
ОСК мүшесі Михаил Бортниктің айтуынша, сайлауды ұйымдастыру және өткізу үшін Үкімет резервінен 34,3 млрд теңге бөлінген.
Ол Конституциялық заңға сәйкес Құрылтай депутаттарының сайлауы республикалық бюджет есебінен қаржыландырылатынын атап өтті. 2026 жылғы 9 шілдедегі Үкіметтің №593 қаулысына сәйкес аталған қаражат сайлауды ұйымдастыруға және өткізуге бағытталған.
«Бұл қаражат Үкімет резервінен бөлінді. Себебі республикалық бюджет өткен жылы бекітілген болатын, сол кезде кезектен тыс сайлау өткізілетінін алдын ала жоспарлау мүмкін болмады», – деді Михаил Бортник.
Оның сөзінше, бюджет аумақтық сайлау комиссияларының қажеттіліктерін ескере отырып жасақталған. Қаражат сайлау процесінің заңдылығын, ашықтығын және тиісті деңгейде ұйымдастырылуын қамтамасыз етуге жұмсалады.
Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, 13 шілде күні сағат 18:00-дегі жағдай бойынша елімізде тіркелген жеті саяси партияның барлығы кандидаттардың партиялық тізімдерін ұсынған. Жалпы саны 145 депутаттық мандатқа 546 кандидат ұсынылды.
Партиялар бойынша ұсынылған кандидаттар саны төмендегідей:
«Әділет» партиясы – 186 кандидат;
Respublica партиясы – 76 кандидат;
Қазақстанның Халық партиясы – 72 кандидат;
«Ауыл» партиясы – 69 кандидат;
«Ақ жол» партиясы – 63 кандидат;
«Байтақ» партиясы – 47 кандидат;
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы (ЖСДП) – 33 кандидат.
ОСК хатшысы Шавхат Өтемісовтің айтуынша, саяси партиялар ұсынған партиялық тізімдерді тіркеу 2026 жылғы 23 шілде күні сағат 18:00-де аяқталады.
Ал ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров кандидаттарды тіркеу барысында заңнамада көзделген әйелдер, жастар және мүгедектігі бар азаматтар үшін белгіленген 30 пайыздық квота толық сақталғанын мәлімдеді.
Сонымен қатар, сайлауды бақылау үшін аккредиттеуге үш халықаралық ұйым мен төрт шет мемлекеттен 60 байқаушының құжаттары ұсынылған.
