Жамбыл облысының полиция қызметкерлері интернет-алаяқтардың заңсыз әрекеттеріне көмектесті деген күдікпен 22 жастағы ер адамды ұстады. Күдікті Алматы қаласының аумағында жүргізілген жедел-іздестіру шаралары барысында қолға түскен.
Тергеу мәліметінше, жас жігіт қылмыстық схемада курьердің рөлін атқарған. Ол ұйымдастырушылардың тапсырмасы бойынша банк карталары мен ұялы телефондарды тасымалдап, банкоматтар арқылы қолма-қол ақша шешумен айналысқан.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, күдікті 2026 жылдың сәуір айынан бері банк карталары мен телефондарды жеткізіп отырған. Тергеу барысында оның осы уақыт аралығында бірнеше рет шетелге шығып, Қазақстан азаматтарының банк карталарын интернет-алаяқтықпен айналысатын қылмыстық топтың мүшелері болуы мүмкін анықталмаған тұлғаларға тапсырғаны белгілі болды.
Ұстау кезінде күдіктіден бес ұялы телефон мен екінші деңгейлі банктерге тиесілі 13 банк картасы тәркіленді. Алдын ала анықталғандай, карта иелері оларды ақшалай сыйақы алу мақсатында өз еркімен пайдалануға берген.
Полиция азаматтарды жеке банк карталарын, олардың деректемелерін және ұялы құрылғыларын бөгде адамдарға бермеуге шақырады. Сондай-ақ құқық қорғау органдары банк шоттарын пайдалану немесе ақша аударымдарын жүзеге асыру арқылы «жеңіл табыс» табуды ұсынатын күмәнді ұсыныстардан сақ болуға кеңес береді.

