Солтүстік Қазақстан облысында 34 жастағы жүкті әйелдің қайтыс болуына байланысты полиция тергеу жұмыстарын бастады. Қайғылы оқиға тұрғындар арасында үлкен алаңдаушылық туғызды.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, әйелдің жағдайы жол үстінде күрт нашарлаған. Алайда ауылдар арасындағы жолдың нашар болуына байланысты жедел жәрдем қызметі оқиға орнына дер кезінде жете алмаған. Дәрігерлер 37 шақырым жолды шамамен бір жарым сағатта жүріп өткен.
Марқұмның туыстары мен жергілікті тұрғындардың айтуынша, уақытылы медициналық көмек көрсетілмеуі әйелдің өмірін сақтап қалуға мүмкіндік бермеген. Олар жолдың сапасыздығы негізгі себептердің бірі болғанын алға тартуда.
Сонымен қатар, туыстары оқиғаға медициналық қателіктер де әсер етуі мүмкін екенін жоққа шығармайды. Олардың мәліметінше, Пресновка мен Благовещенка ауылдарының арасындағы жол бірнеше жылдан бері жөндеу көрмеген. Жергілікті тұрғындар бұл мәселе бойынша құзырлы органдарға бірнеше мәрте шағымданғанымен, бүгінгі күнге дейін нақты нәтиже болмағанын айтады.
Қазіргі уақытта аталған факі бойынша құзырлы органдар тергеу жүргізіп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.
